Мен жазған мақалалар

«Тұманды қараша»: музыка, махаббат және иллюзия философиясы

2026

«Тұманды қараша» хикаятына әдеби-психологиялық талдау. Күй өнері, эстетикалық қабылдау, махаббат пен иллюзияның арақатынасы туралы авторлық пайым.

«Тұманды қараша»: музыка, махаббат және иллюзия философиясы

"Тұманды қарашаны" оқып шыққаннан кейін рецензия жазуда ең көп уақытымды алғаны - не жазатыным туралы толғаныс емес, қайсысынан бастайтынымды таңдау болды. Әуелі жазушының музыка туралы пайымдарына тоқталсам ба, шығарманың көркемдік ерекшелігін талдасам ба, әлде өзіме ұнаған детальдар мен алған әсерімді тарқатсам ба? Басқа шығармалармен, теориялық концепциялармен үндестігін сөз етсем бе? Бір шығарманы оқып шыққан сәтте осы ойлардың бәрі санамда қабаттасып кетуінің өзі кітаптағы шығармалардың тартымдылығын аңғартқандай.Дегенмен, әр нәрсенің өз реті, өз бастауы бар. Әдепкіде авторға ең алдымен оқырман ретіндегі әсерімді жеткізген жөн шығар деп шештім. Сараптауға асықпай, күрделі теориялық пайымдарға жүгінбей, бір ғана шығарманың тұтастығынан туған алғашқы әсерімді айтқым келеді.“Тұманды қараша” хикаятында оқиға желісі, кейіпкерлері, сезім мен заманауи нақыштар ерекше ұқыптылықпен бір арнаға тоғысқан. Нәзік сезім кәсіби тіл орамдарының тасасында қалып қоймайды, керісінше, сол тілдік шеберліктің өн бойымен оқырманды соңына дейін жетелейді. Автордың көркемдік құралдарды қолдануында да шектен шығу жоқ: деталь, эпитет, фразеологизмдер, оқиғаның өрбуі мен мекенді суреттеуі - бәрі өз орнында.Ақын ретінде мені алдымен осы құрылымның поэтикалық сипаты қызықтырды. Мұндағы поэтикалық дегенім - ондағы сезімнің сақталуы, детальдардың өзара байланысы, ойдың шашырамай, біртіндеп ашылуы. Оқиға өзегін ұстап тұрып, кейіпкердің ішкі әлемін, сезімді, уақыт пен кеңістікті біртұтас қозғалысқа бағындыра білу - көп ақынның жазушылыққа өте алмауына себеп болатын негізгі қасиеттер деп білемін.Осы тұрғыдан алғанда, "Тұманды қарашаны" оқып отырып, жазушы деген ең әуелі "өскен ақын" деген ойға келдім.Шығарманың құрылымы матрешка іспетті: бір оқиғаның ішінен екінші оқиға ашылып, қосымша нарративке өтіп, оның ар жағынан тағы бір мағыналық қабат көрінеді. Заманауи хикаяттың ішінен күйдің аңызы, оның ар жағынан Ләйлі мен Мәжнүн хикаясы, пайғамбар мұғжизасына қатысты таным ашылады. Шындық пен аңыз, діни дүниетаным мен ғашықтық философиясы, әр дәуірдің әдеби жады бір шығарманың бойында тоғысқан.Ал Ғалияның "Шилеме, шегелеме" күйі бірнеше минутқа ғана созылғанмен, кейіпкердің санасында уақыттың шекарасы жойылып кете барады. Бір күйдің әуенімен бірге тарих қозғалып, аңыз тіріліп, қиял өз хикаятын жаза бастайды.Жазушы бірнеше дәуірге тиесілі мәдени мазмұнды осы қысқа сәтке қалай сыйғызған? Меніңше, мұның екі себебі бар.Біріншісі - Михаил Казиниктің гениальность восприятия деп атаған қабілеті. Ол "Тайны гениев" кітабының алғысөзінде:"Есть два вида гениев. Гении созидания и гении восприятия" немесе"Если есть гениальные создания, то есть гениальное восприятие, не правда ли?" - дейді.Казиниктің ойынша, өнерді түсінудің өзі бір данышпандық. Ол музыканы жай ғана есту мен түсінудің, кітапты оқу мен оның тереңіне бойлаудың арасына үлкен айырмашылық бар екенін айтады. Өнердің жасырын кодтарын тануды құнды, сирек қабілет деп бағалайды.Ал Василий Кандинский деген суретші Мәскеудегі Үлкен театрда Вагнердің "Лоэнгрин" операсын тыңдағаннан кейін көз алдына түстер мен сызықтар келгенін жазған. Кандинскийдің өзі бұл туралы "Көз алдымнан барлық түстерімді рухани түрде көрдім" деп сипаттаған. Музыканы осылай қабылдау оның кескіндеме туралы түсінігіне ықпал еткен."Тұманды қарашаның" авторы да күйді бұрыннан сүйіп, оның ұлттық танымдағы орнын терең сезінетін адам. Ғалияның "Домбыра тартасың ба?" деген сауалына ол: "Бірер әннің басын қайырамыз енді. Дарияның басынан құдық қазып қайтейін дедім де", - деп жауап береді. Демек, Ғалияның орындауынан алған әсері тек ғашықтық таңданыс емес. Ол өзі де аса қадірлейтін күй өнерінің өзгеше бір биігін қыздың бойынан танып тұр.Ал екінші себеп -"эстетикалық жұтылу" деп аталатын құбылыс. Адам музыкаға бар ықыласымен беріліп, айналасындағы дүниені уақытша ұмытады. Ғалымдар мұндай терең берілу кезінде көздің микросаккадалар деп аталатын өте ұсақ, еріксіз қозғалыстарының жиілігі азаятынын да байқаған.Күй басталған сәтте автордың сөзі үзіліп, көзі жұмылып, өзі біртіндеп музыканың ішіне енеді. Бұл да эстетикалық жұтылудың сәтті көрінісі әрі нарративке өтудің ұтымды әдісі.Ал автордың күйші қызға неліктен соншалықты ессіз ғашық болғаны туралы ойланғанда, Юнгтің психологиялық проекция теориясына жүгінгім келеді. Адам өз ішіндегі идеалын, өзі аңсаған қасиеттерді басқа біреудің бойынан танығандай болады.Мұнда қыздың орындаушылық шеберлігі мен кейіпкердің өнерге деген ішкі ықыласы бір арнаға тоғысады. Ол өзі бұрыннан сүйетін өнердегі әлдебір биіктікті Ғалияның орындауынан таныған. Қыз оның бойында бұрыннан бар эстетикалық сезімді оятып қана қоймай, оны өзі де күтпеген шекке жеткізеді. Ғалия автор үшін бірте-бірте нақты адамнан гөрі, өзі сүйетін өнердің, сұлулықтың, рухани толғаныстың тірі бейнесіне айнала бастайды.Шығарманың соңында автордың Мәжнүн мен Ләйлә туралы хикаятты еске салуының да өзіндік мәні бар. Өмір бойы Ләйләні іздеп, ақыры алдынан шыққанда оны тани алмаған Мәжнүнге қыз: "Мен саған келдім, өмір-бақи іздеген Ләйлің алдыңа келді, міне", - депті. Сонда Мәжнүн: "Сен Ләйлі болсаң, менің ішімдегі Ләйлі кім?" - деп жауап береді. Бұл сөздің ар жағында адамның сүйген адамы мен өзі қиялында жасап алған бейнесінің арасындағы қайшылық жатыр. Автор мұны одан әрі "Иллюзия!" деген бір ауыз сөзбен түйіндейді. Мәжнүн өмір бойы аңсаған Ләйләға емес, өзі жасап алған кіршіксіз дүниеге ғашық болып, сол дүниенің тұтқынына айналған.Осы мысалдан кейін Ғалия мен кейіпкердің арасындағы аяқталмаған махаббатқа басқаша қарай бастайсың. Егер оның ішіндегі Ғалия өмірдегі (бір әрібін қате айтқанда) Ғалиямен толықтай сәйкес келсе, екеуінің өмірде табысуына, сезімнің күнделікті қарым-қатынасқа ұласуына бір мүмкіндік табылар ма еді? Бірақ олар қауышпайды. Автор Мұт орманына барып сіңеді. Мүмкін, мұның себебі кейіпкердің Ғалияның өзінен гөрі, оның бойынан таныған құбылысқа ғашық болуы шығар. Демек, бұл жерде Ғалия - ғашықтықтың бастауы, бірақ оның түпкі нысаны емес. Адамды трансқа енгізген құбылыс пен сол құбылысты оятқан адамның өзі - бір нәрсе емес екенін аңғарамыз. Шығармадағы махаббаттың трагедиялық сипаты да осы айырмашылықтан туындайтын секілді.Мақаланың басында "жазушы деген - өскен ақын" деген ой айтқан едім. Енді сол пайымыма қайта оралғым келеді. Ақындық сезімталдықтың прозадағы көрінісі тек бейнелі тіл мен әдемі теңеулерден тұрмайтынын "Тұманды қараша" тағы бір мәрте аңғартты. Ол кейде бір әуеннен тұтас тағдырды сезінуден, бір адамның бойынан өзі аңсаған сұлулықты танудан, сол танымның ақиқат пен қиял арасындағы қайшылыққа қалай ұласатынын көре білуден танылады.Мен үшін "Тұманды қарашаның" көркемдік табысы - күрделі ойларды шашыратпай, бір күйдің айналасына жинақтай алуында. Үш-төрт минуттық күй аяқталғанымен, оның кейіпкер санасында оятқан хикаясы жалғаса бермек.Салтанат Қайырбек