Мен жазған мақалалар
ҚАНИПАНЫҢ ЖҰМЕКЕНГЕ АРНАУЫ НЕМЕСЕ ДИОГЕННІҢ БӨШКЕСІ
Мақалада Қанипа Бұғыбаеваның Жұмекенге арнаған өлеңіндегі «ақ сарай» мен «Диогеннің бөшкесі» бейнелері талданады. Диоген туралы аңызға сүйене отырып, автор ақынның рухани еркіндігі, шындыққа адалдығы және қоғаммен қатынасы туралы ой қозғайды.

Таңғы серуенімде Қанипаның Жұмекенге жазған арнауы есіме түсіп, бөлісуді жөн көрдім.
(үзінді)
…Ақын аға, мен сені ойлайтынмын "тұйық" деп,
Тұйықтықпен кеудеңе құпия сыр түйіп көп.
Тамырыңды тереңге жайып кеткен екенсің,
Емендейін таралып, өсу үшін биіктеп...
…Арнасын жеп ағады, толқын тасып, тербеліп,(Біреу кетсе, біреуге қалатындай жер кеңіп)
Өзгертетін о бастан, заман емес, заманды,
Заманды адам билейді, уақытты бет перде ғып...
…"Ақшағылдан" адасып, атың сенің өшпесін,
Өмір деген ұқсайды, көшкен ұзақ, көшке шын.
Ақ сарайдай өмірде, жүрмін аға, паналап,
Үңгірге ұқсас, кешегі Диогеннің бөшкесін,
Естелікті-елеспен... тоқып сезім кестесін.
Ой-қиялмен сезімді, аршып таза түлетем,
Бір толқыннан бір толқын туып келді, Кім екен?
Тыныштықбек, Гүлнар боп, Айгүл, Сабыр Адай боп,
Жапырақтарың қанатын қақты тулап Жұмекен,
Кезегімен келген бұл, сенің оның Күні екен.
Адам деген, адамның азғана күн қонағы,
Сыр-сымбатын өзінің жүрекке ойып жонады.
"Бұл дүние мен ол дүние" деп бөлінер екіге,
Ақындардың ру-жүзі екеу ғана болады...
Иә…Ақын әлеуметтік мәселені қалай шебер жеткізген?! Мен осындай өткірлікке таңырқаймын да тамсанам.
"Диогеннің бөшкесі" - шағым ғана емес, мінезбен, аскеттік танымман ұласып жатыр һәм шағым болмауы да мүмкін ғой?
Қадыр Мырзалі өзінің бір естелігінде " Құдай бермесе де тартып алып жатқан ақын қыздарды білеміз. Адам болғасын ол да керек шығар…Ал Қанипа өйтпеді, ондай әдепсіздікке бармады.. Құдайдың берген талантымен жаза берді" дейді. Демек өлеңдегі диогеннің бөшкесі образын Диогеннің өзін және патшаның алдындағы қылығын еске түсіру арқылы тереңірек түсінуге болады.
"Ақ сарай - бөшке" оппозициясы
Мұнда күрт контраст бар: "Ақ сарай" - әлеумет, билік, мүмкін жайлы өмірді; "Диогеннің бөшкесі" - аскетизмді, шындыққа адал болуды, ішкі еркіндікті білдіреді.
Диоген - ежелгі грек философы, кедейлікті таңдаған, қарапайым өмір сүрген ойшыл. Ол өзіне үй де, мал-мүлік те керек емес деп, бөшкеде тұрып, тек ақиқатпен өмір сүруге тырысқан. Тіпті бір баланың суды алақанымен ішкенін көріп, өзінің жалғыз тостағанын да лақтырып жіберген.
Бір күні Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) Коринфке келеді. Барлық ел оған бас иіп, қошемет көрсетіп жатқанда, Диоген ғана келмейді. Ескендір оны өзі іздеп барады. Философ күн астында демалып жатыр екен.
- Мен ұлы патша Ескендір Зұлқарнайынмын! - деді қолбасшы дауыстап.
- Ал мен… ит Диогенмін, - деп сабырмен жауап қатты философ.
Ескендір бұл сөзге тосылып қалды. "Ит" деген сөзді ол бұрын да естіген, жұрт Диогенді солай атайтынын білетін. Бірақ дәл өз аузымен айтқаны - қорлау емес пе? Ал Диоген бұл атқа ренжудің орнына, оны мойындап, қабылдап тұрғандай көрінді.
- Сен жұрт сені ит дейтіндей не істедің? - деп сұрады Ескендір.
- Кім маған сүйек тастаса - соған құйрығымды бұлғап, еркелеймін. Кім ештеңе бермесе - соған ырылдаймын. Ал егер біреу маған зұлымдық жасаса - оны қауып аламын, - деді Диоген жайбарақат.
Бұл жауап патшаны таңғалдырды. Сөздері оғаш болса да, тереңде жатқан шындық бар еді. Ол Диогеннің көзіне тіке қарады - философ мүлде именбеді. Бұл да қызық.
Ескендір оған:
- Мен - патшамын. Қаласаң, не сұрасаң да берем, - дейді.
Сонда Диоген жай ғана:
- Иә, өтінішім бар: күнді көлегейлемей, былай тұра тұршы, - деп жауап береді.
Осылайша ақын поэзиядағы қоғамдық сын және әлеуметтік подтекст, қазіргі қоғамда рухани кеңістіктің жетіспеуі, ақынның сығылуы, шынайы поэзияның шеттетілуін шебер жеткізген.
Бұл жолдарда - рухани эскапизм бар, бірақ бұл қашу емес, тазалықты сақтау. Қанипа бұл жерде тек поэтикалық емес, философиялық интертекст құрып отыр.
Диогеннің "бөшкесі" сияқты, Қанипаның ақындық болмысы да жалғыз, қарапайым, бірақ терең.
Қанипа Бұғыбаеваның поэзиясы да бөлек бір тақырып, һәм әлем.
#қанипабұғыбаева
#ЖұмекенНәжімеденов
#диогенніңбөшкесі