Мен жазған мақалалар
Қайырымсыз қасқыр өлең: Есенқұл мен Пастернактың поэтикалық үндестігі
Мақалада Есенқұл Жақыпбектің «Қайырымсыз қасқыр өлеңі» мен Борис Пастернак поэзиясындағы жалғыздық, даңққа көзқарас және ақындық болмыс үндестігі талданады.

Есенқұлдың "Қайырымсыз қасқыр өлеңі" немесе Пастернакша
Ат мінгізді ел,
Атым - жылқы пырағы.
Шапан кидім,
Басымда хан мұрағы.
Қайырымсыз қасқыр өлең бірақ та,
Түзге қарап ұлиды да тұрады.
Бұл өлеңіндегі "шапан киіп, басына хан мұрағын ілуі" - сыртқы құрмет, халықтың бір сәттік қошеметі. Алайда бұл құрмет ақынға марқаю емес, керісінше - жалғыздықты тереңірек сезіндіретін сыртқы салтанат. Ақынды еркелету - оның ішкі жалғыздығына ем бола алмайды. Себебі ол құрметке бөленген сәттің өзінде де "қасқыр өлең" ұлиды да тұрады. Бұл - ақын табиғатының даусыз шындығы. Шын ақынның бағы - ішкі дауыс, ішкі жалын. Халық кейде ақынды салтанатты жиынға ғана лайықтап, оның жан жарасын естен шығарады. Бірақ нағыз ақынның "тойы" - өз жанындағы тұтанған отта, ішкі сұраққа жауап іздеуде.
Оған мысал, Есенқұлдың: "Дегенмен не жетеді ақын үшін,
Оңаша той үстінде мұңайғанға" -ішкі әлемі шулы, бірақ сыртқы ортаға бейімделмеген адам екенін аңғартады. Ол халықтың шаттығы мен қошеметінің дәл ортасында тұрса да, сол қуанышқа толықтай сіңе алмайды. Бұл - "шапан кидім, басымда хан мұрағы" дегенмен астасып жатыр.
"Не жетеді ақын үшін?" - деп Есенқұл өзі сұрақ қойып отыр. Бұл сұраққа өзі жауап береді: "Оңаша той үстінде мұңайғанға…"
Бұл - парадокс. Яғни, ақын үшін ең үлкен "бақыт" - мұңайып отыру. Бірақ ол жай мұң емес - өзін-өзі жоғалтпай, жалған шаттыққа араласпай, рухын сақтап қалу мұңы. Осы мұң - ақынның шын қуанышы.
Қазақ поэзиясында Есенқұл Жақыпбек пен орыс әдебиетінің классигі Борис Пастернак - әр ұлттың өкілі болғанымен, поэтикалық миссияны терең сезінудегі үйлесімі - екеуін рухани туыстас етеді.
Әсіресе Есенқұлдың:
"Қайырымсыз қасқыр өлең бірақ та,
Өз үйірі қалғандай боп жырақта,
Қырға қарап ұлиды да тұрады…"
деген шумағы мен Пастернактың:
"Другие по живому следу
Пройдут твой путь за пядью пядь,
Но пораженья от победы
Ты сам не должен отличать
деген жолдары арасында ішкі байланыс, поэтикалық үндестік, дүниетанымдық қабысу бар.
Есенқұл өлеңін "қайырымсыз қасқыр" деп суреттейді. Бұл - терең метафора. Қасқыр - үйірден ажыраған, табиғаттың шетінде жалғыз ұлыған бейне. Ол - ішкі трагедияның, еркін рухтың, поэтикалық жалғыздықтың символы. Ақын өз өлеңін де осылай көреді: еркелік пен шапан - сыртқы әлемнің құрметі, ал ішкі әлем - "ұлыған қасқыр".
2. Пастернактың даңғазасыз жолы: жеңіс пен жеңілістің теңдігі.
Пастернак үшін бастысы - даңқ емес, болмысқа адалдық. Ол былай дейді:
" Но пораженья от победы
Ты сам не должен отличать"
Яғни, нағыз ақын үшін сыртқы жеңіс пен ішкі күйреудің арасында шекара болмауы тиіс. Өлең - нәтиже емес, жол. Даңқ - мақсат емес.
Бұл тұрғыдан Есенқұл мен Пастернак үндеседі: Екеуі де поэзияның мәнін даңғазаға емес, даралыққа, оңашалыққа бағыттайды.
3. Өлең - кеңістікпен диалог
Пастернак:
"Привлечь к себе любовь пространства, Услышать будущего зов"
десе, бұл кеңістікпен үндесу, болашақпен диалог орнату. Бұл - поэзияның уақыт пен кеңістіктікті асып өткен құдіретті тілі.
Есенқұлда да осы үн бар:
"Қырға қарап ұлиды да тұрады…"
Мұндағы "қыр" - кеңістік, тылсым, рух. Ол да поэзияны ішкі әлемнен шығарып, ғаламмен тілдестіргісі келеді. Бірақ ол тілдесудің тілі - жалғыздықтан туған ұлыған үндей.
Есенқұл мен Пастернак - әр кезең, әр кеңістік ақындары. Бірақ екеуін байланыстырып тұрған ішкі код - поэзияны өмір сүру формасы ретінде қабылдау, жалғыздықты рухани күш ретінде таныту, және даңққа емес, шынайылыққа ұмтылу.
Өлеңдердің толық нұсқасы:
Ат мінгізді ел,
Атым - жылқы пырағы.
Шапан кидім,
Басымда хан мұрағы.
Қайырымсыз қасқыр өлең бірақ та,
Түзге қарап ұлиды да тұрады.
Арасында өмір, өлең - екі оттың,
Дүниеге не қалдырдым, не септім?
Қарап тұрсам кейде менің арманым -
Арманындай гаремдегі әтектің.
Бір қызығын көре алмай-ақ өтетін,
Қасындағы ойнап тұрған етектің.
Ел мен жұртым еркелетті бір апта,
Сұрамастар жағдайымды сұрады.
Қайырымсыз қасқыр өлең бірақ та,
Өз үйірі қалғандай боп жырақта,
Қырға қарап ұлиды да тұрады...
Быть знаменитым некрасиво.
Не это подымает ввысь.
Не надо заводить архива,
Над рукописями трястись.
Цель творчества самоотдача,
А не шумиха, не успех.
Позорно, ничего не знача,
Быть притчей на устах у всех.
Но надо жить без самозванства,
Так жить, чтобы в конце концов
Привлечь к себе любовь пространства,
Услышать будущего зов.
Другие по живому следу
Пройдут твой путь за пядью пядь,
Но пораженья от победы
Ты сам не должен отличать.
Ойымды қорытындылауға Есенқұлдың Қанипа Бұғыбаеваға арнаған бір өлеңін мысал етуді жөн көрдім:
"Өмірде жай адам, бай адам бар.
Ақындарды аз бірақ аяғандар.
Ақындардың сарылып өлеуі үшін,
Сарылудан жарылып өлмеуі үшін,
Адамша өмір сүрейік, әй адамдар…"
"Сарылудан жарылып өлмеуі үшін…" - бұл жолда ақындық миссияның азабы тұр. Ол сарқылмауы үшін жұрт оны жай ғана "еркелетіп" қоймай, түсінсе игі.