Мен жазған мақалалар
Нөмірленген адамдар: Қытайлық ақын Чжэн Сяоцюннің тағдыры

Нөмірленген адамдардан шыққан есімі жоқ ақын.
Бірде жолдасым әр жұмыскерді фамилиясымен емес, атымен атайтынын айтып еді. Оның ойынша, адаммен есімі арқылы сөйлесу – шынайы сыйластық орнатудың ең қарапайым әрі ең дәл жолы. Фамилиямен шақырудың өзі кей жағдайда арақашықтық тудырады, ал үлкендер үшін бұл тіпті көңілге тиерлік нәрсе болуы мүмкін.
Ал адамды атымен де емес, фамилиясымен де емес, нөмірмен, санмен шақырса ше?
Қытайдың өндірістік қалаларының бірінде, мыңдаған жұмысшының ішінде, Чжэн Сяоцюн есімді қызға 245 деген нөмір беріледі. Сол сәттен бастап оны ешкім атымен атамайды. Екі ай бойы конвейерде жұмыс істегенде, оның құлағына тек бір ғана сөз тіркесі сіңіп қалады: "Әй, екі жүз қырық бесінші!". Бұл – жай ғана өндірістік тәртіп емес, бұл – адамның біртіндеп функцияға айналуы ғой.
Ол 1980 жылы Сычуаньда дүниеге келген, мектептен кейін Гуандунға ақша табуға кеткен. Қытай экономикасы дәл сол жылдары қарқынды өсіп жатқан, зауыттар мыңдаған адамды жұтып жатқан кезең. Дунгуаньдағы бекітпе бұйымдарын шығаратын зауытқа келгенде, оның өмірі нақты, өлшенетін әрекеттерге бөлінеді: темірді жылжыту, рубильник қосу, ультрадыбыстың тесік салуын күту, қайтадан бастау. Күніне – он үш мың тесік жасап, бірінші жұмыс күнінде-ақ алақаны қажалған.
Алайда Чжэн Сяоцюнға ең ауыр, әрі төзуге ауыр болған нәрсе – есімнің жоғалуы.
Тіркеусіз өмір, айыппұл, қарыз, сегіз адамдық жатақханадағы темір кереует, шаршаған дене. Бірақ дәл сол жерде, дәл сол күйде жүріп ол зауыттан естіген әңгімелерді, әйелдердің өмірін, олардың үнсіздігін жаза бастайды. Кейде сол жазбаларды журналдарға жібереді. Бір күні "Жұмысшы-мигрант ақындар жаршысы" басылымының бас редакторы Сюй Цян оның өлеңін жариялайды. Сол сәттен бастап 245 – қайтадан есімге айнала бастайды.
2007 жылға қарай Чжэн Сяоцюн Қытайдағы ең көп оқылатын жас ақындардың біріне айналады. Ол Халықтық әдебиет сыйлығын алады, бірақ Жазушылар одағына кіруден бас тартады. Себебі ол жүйеден жоғары тұруды емес, оның ішінде қалып, адамдардың шынайы даусын естуді таңдайды. Профессор Чжан Цинхуа оның поэзиясын "бір адамның дауысы арқылы тұтас бір ұрпақты көруге мүмкіндік береді" деп бағалайды.
Бүгін біз Қытай экономикасының өсуі, сандар, көрсеткіштер, қарқын туралы жиі айтып жүріп, сол сандардың ішінде қанша адам бар екенін ойлаймыз ба? Әрбір шығарылған бұйымның артында бір өмір, бір тұлға, бір тағдыр тұрғаны рас.
Адамның бірегейлігі қызметінде емес, оның қабілетінде, тілінде, әдеби ойлауында жатыр, ал сол бірегейлікті сақтап қалу – ішкі күрескерлік, мықтылық. Ал ұлтты саөтайтын – дама, бәлкім адамды да адам қылып сақтайтын – өзінің ұлты, құндылығы.
Мыңдаған жұмысшының ішінде өз үнін жоғалтпай, өз болмысын алып шыққан осы ақын қыз тілдік құндылық пен әдеби сана – тек мәдени мұра емес, жеке адамның да, тұтас ұлттың да бар болуын ұстап тұрған негізгі капитал екенін анық көрсетті.
Автордың өлеңін орыс тілінен (Пономарева М. Филимонов А.) жасалған еркін аударма форматында ұсынамын.
Сендер менің есімімнің
мыңдаған жұмысшы карточкаларының арасында
жоғалып кеткенін білмейсіңдер.
Менің қолым конвейердің бір бөлігіне айналды,
денем келісімшартқа тіркелген,
қара шашым біртіндеп ағарып барады,
қалғаны – тек шу, қарбалас, шаршау.
Түнгі ауысымдар, жалақы...
Күңгірт шам жарығында
мен станокқа көлеңке түсіріп тұрған
шаршаған сұлбаны көремін,
ол баяу қозғалады,
бұрылады, еңкейеді,
темірден құйылғандай үнсіз.
О, үміті күйреген
және жат жерден келгендердің қайғысына көмкерілген
мылқау темір!
Бұл – уақыт тоздырған темір,
шынайылық алдында дірілдеген темір.
Мен үнсіз қалған өмірді
қалай қорғауды білмеймін,
есімі мен жынысын жоғалтқан өмірді,
келісімшартқа байланған өмірді.
Жұмысшы жатақханасында,
сегіз адамдық бөлмеде,
болат құбырлардан жасалған кереуетте
қалай, қайдан өмір бастауға болады?
Ай сәулесі туған жерге деген сағынышты жарық қылады,
махаббат жасырын ғана –
станоктардың гүрілі арасында
көзқарас алмасу арқылы ғана сезіледі,
ал жастық шақ жалақы тізіміне сүйеніп тұр.
Бұл дүниенің уайымы
әлсіреген жанды жұбата алмайды.
Егер ай сәулесі Сычуаньнан келген болса,
Кенет балғындығымды естеліктер жарық қылар,
бірақ қайтадан конвейердегі жеті күннің ішінде сөніп қалады.
Қалатыны – осы сызбалар, темір,
металл бұйымдар, ақ сертификаттар
немесе "ақау" деген қызыл таңбалар,
шамның жарығындағы жалғыздық,
әлі де төзуге болатын жалғыздық,
және қарбаластың ортасындағы
күйдіріп өтетін, шексіз ауырсыну.